-A A +A

Негізгі ақпарат

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің

Шығыс Қазақстан облысы әділет департаменті туралы

ЕРЕЖЕ

 

  1. Жалпы ережелер

 

1. Шығыс Қазақстан облысының әділет департаменті (бұдан әрі - әділет департаменті) әділет органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) аумақтық органы болып табылады.

2. Әділет департаменті өз құзыреті шегінде мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режиміне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.

         3. Әділет департаменті өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

         4. Әділет департаменті мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзінің атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

         Әділет департаменті азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан қатысады.

         Әділет департаменті егер оған заңнамаға сәйкес уәкілдік берген мемлекеттің атынан азаматтық-құқық қатынасы тарапынан қатысуға құқығы бар.

5. Әділет департаментінің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Әділет министрімен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жауапты хатшысы бекітеді.

6. Әділет департаментінің заңды мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, 070002, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Ворошилов көшесі, 6.

7. Әділет департаментінің мемлекеттік мекемесінің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы әділет департаменті» мемлекеттік мекемесі.

         8. Осы Ереже әділет департаментінің құрылтай құжаты болып табылады.

         9. Әділет департаментінің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

 

  1. Әділет департаментінің міндеттері мен функциялары

 

10. Әділет департаментінің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

1) заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды, маслихаттардың, әкімдіктердің және әкімдердің нормативтік құқықтық актілерін тіркеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік есепке алуды және оларды бақылауды жүзеге асыру;

2) құқықтық көмек пен заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету;

3) бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

4) зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

5) аудандық, қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылықты жүзеге асыру, әділет органдары берген ресми құжаттарды апостильдендіру;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзышылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асыру;

11. Әділет департаменті қолданыстағы заңнамаға және және оған жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) мемлекеттік тіркеу саласында:

мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінің аймақтық бөлімін жүргізу;

мәслихаттарда және әкімдіктерде мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерге тексеруді жүзеге асыру;

әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын, бірақ одан өтпеген мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің нормативтік құқықтық актілеріне қатысты заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізу;

мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің қолданылатын Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес жариялануға міндетті, бірақ белгіленген тәртіппен жарияланбаған нормативтік құқықтық актілеріне қатысты заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізу;

әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің нормативтік құқықтық актілеріне қатысты заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізу;

мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің жарияланған нормативтік құқықтық актілеріне мониторинг жүргізу;

мәслихаттардың, әкімдіктер мен әкімдердің тіркелген нормативтік құқықтық актілерінің тізбесін көпшіліктің назарына ұсыну үшін жариялау;

Тіркеу және құқықтық көмек көрсету комитетінде тіркелетін заңды тұлғалар, оның филиалдар мен өкілдіктерді қоспағанда, республика облыстарының аумағында жұмыс істейтін жергілікті қоғамдық бірлестіктерді, жергілікті діни бірлестіктерді, діни басқармаларды (орталықтар), сондай-ақ олар құратын діни оқу орындарын, монастырар мен басқа да бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу, қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу;

заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тіркелімін және филиалдар мен өкілдіктердің тізілімін жүргізу;

заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу туралы ақпараттық қызметтер көрсету;

заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бақылау;

жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу;

құқықтық кадастрды жүргізу;

жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы ақпараттық қызметтер көрсету;

заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша аудандық (қалалық) әділет басқармаларының қызметін әдістемелік басқаруды және үйлестіруді жүрзеге асыру;

жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласында аудандық (қалалық) әділет басқармалары көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау;

жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы аудандық (қалалық) әділет басқармаларының қызметіне тексерулер жүргізу;

заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы аудандық (қалалық) әділет басқармаларының іс-әрекеттеріне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

 азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді бақылау;

2) құқықтық көмекті ұйымдастыру және заңгерлік қызмет көрсету саласында:

аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкімдері аппараттарында нотариаттық іс-әрекет жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдарды аттестаттауды жүргізу;

аумақтың нотариаттық палатасымен бірлесіп жекеше нотариустың қызмет аумағын анықтау;

мемлекеттік нотариаттық кеңселерді ашу және тарату;

жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік нотариустардың іс-әрекеттеріне өтініштерін қарау;

нотариаттық палатамен бірлесіп жекеше нотариустардың іс-әрекеттеріне жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

нотариустардың жеке мөрлерін дайындауға тапсырысты жүзеге асыру және оларды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес беру;

нотариаттық округте нотариустар уақытша болмаған кезде нотариаттық палатамен бірлесіп, нотариаттық іс-әрекеттердің жасалуын ұйымдастыру;

нотариаттық палатамен бірлесіп, нотариустарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету;

аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері аппаратының нотариаттық іс-әрекеттер жасайтын лауазымды адамдарына әдістемелік және практикалық көмек көрсету;

халықты мемлекеттік және жекеше нотариустардың қызмет ету аумағы туралы ұдайы хабардар ету;

Біріңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде жекеше нотариустардың есептік тіркеулі туралы электрондық тізілімін жүргізу;

 нотариаттық палатамен бірлесіп, нотариус лицензиясын тоқтата тұру, айыру және қолданылуын тоқтату туралы ұсыным енгізу;

нотариаттық палатамен бірлесіп, тиісті нотариаттық округте өз қызметін тоқтатқан нотариустың жеке мөрін жою және құжаттарын жекеше нотариаттық мұрағатқа беру жөнінде, сондай-ақ егер нотариустың лицензиясының қолданылуы тоқтаған жағдайда лицензияны лицензиарға беру үшін, оны алу жөнінде шара қабылдау;

нотариаттық палатаға жекеше нотариусты жауапкершілікке тарту туралы ұсыным енгізу;

жекеше нотариустардың «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының талаптарын сақтауын бақылауды ұйымдастыру және өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаудан бас тартқан және Қазақстан Республикасының жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңнамасының өзге де талаптарын бұзатын жекеше нотариустарға шара қолдану;

Нотариаттық палатамен бірлесіп жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығын және жекеше практикамен айналысатын нотариустың іс қағаздарын жүргізу ережесін сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

адвокатураның жеке және заңды тұлғаларға көрсететін заңгерлік қызметтерінің сапасын бақылау;

Заңда көзделген жағдайларда адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия күшін тоқтата тұру туралы ұсынымды және адвокаттық лицензиядан айыру туралы талапарызға бастамашылық ету туралы ұсынымды Министрлікке енгізу;

бағалау қызметі саласында бағалаудың тәуекел деңгейінің өлшеміне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтауына тексерулерді жүзеге асыру;

бағалау қызметі субъектілеріне бағалау қызметімен байланысты мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсету;

 азаматтық хал актілерін жазу органдары кадрларын аттестаттау, іріктеу және орналастыру, олардың қызметінде бірыңғай құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету;

әділет органдарынан және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі әділет органдарынан және осы аумақтағы нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою;

облыс әкімі аппаратының заң қызметтерімен өзара іс-қимыл жасау;

құқықтық насихатты ұйымдастыруды ведомствоаралық үйлестіру, заңнаманы түсіндіруге қатысу;

тағылымдамадан өткен және адвокаттық және нотариалдық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу;

азаматтық хал актілерін жазудың ақпараттық жүйесін жүргізуді бақылау;

азаматтық хал актілерін тіркеу мен апостильдеу саласында аудандық (қалалық) әділет басқармаларының қызметін әдістемелік басқару мен үйлестіруді жүзеге асыру;

азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы ақпараттық қызметтер көрсету;

азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасына бақылау жасау;

азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында аудандық (қалалық) әділет басқармаларының қызметіне тексерістер жүргізу;

3) зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз ету саласында:

жеке және заңды тұлғаларды зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау мәніне тексеруді жүзеге асыру;

зияткерлік меншікті қорғау саласындағы заңнаманы қолданудың практикасын қорыту.

4) әкімшілік іс жүргізу саласында:

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру.

12. Әділет департаменті өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен:

мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;

қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

 

3. Әділет департаментінің қызметін ұйымдастыру

13. Әділет департаментін Қазақстан Республикасы әділет министрінің келісімімен Министрліктің Жауапты хатшысы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын басшы басқарады.

Әділет департаменті басшысының Қазақстан Республикасы Әділет   министрлігінің Жауапты хатшысы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.

14. Әділет департаментінің басшысы әділет департаментіне басшылық етуді жүзеге асырады және өзіне жүктелген міндеттердің орындалуына және олардың өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапкершілік көтереді.

15. Осы мақсаттарда әділет департаментінің басшысы:

1) орынбасарларының, әділет департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің және аудандық (қалалық) әділет басқармалары басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды:

2) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда заңнамаға және Министрліктің Жауапты хатшысы бекітетін құрылымға, штат санына сәйкес, әділет департаменті қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жауапты хатшысының келісімі бойынша   аудандық (қалалық) әділет басқармасының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

3) әділет департаментінің қызметкерлерін, басшы орынбасарларын, сондай-ақ аудандық (қалалық) әділет басқармасы басшыларын іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, дайындау (қайта дайындау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақы және сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;

4) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, заңнамада белгіленген тәртіппен әділет департаментінің қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

5) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;

6) әділет департаментінің құрылымдық бөлімшелері, аудандық (қалалық) әділет басқармалары туралы ережелерді бекітеді;

7) заңның бұзылуын жою туралы ұсыным енгізеді;

8) өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда әділет департаментінің мүддесін білдіреді;

9) заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.

16. Департамент қабылдаған шешімдер басшының немесе оны алмастыратын адамның бұйрықтарымен ресімделеді.

17. Әділет департаментінің әділет департаменті басшысының жанында консультациялық-кеңесші орган болып табылатын алқасы болады. Алқаның сандық және дербес құрамын әділет департаментінің басшысы бекітеді.

Әділет департаментінің басшысы алқа төрағасы болып табылады.

18. Әділет департаментінің қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, оның қызметін қамтамасыз етеін лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттері, құрылымдық бөлімшелердің құзыреттері мен өкілеттіктері әділет департаментінің ішкі қызмет регламентімен және оның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелермен белгіленеді.

 

4. Әділет департаментінің мүлкі

19. Әділет департаментінің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

Әділет департаментінің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптасады, әрі негізгі және айналым қаражатынан, сондай-ақ құны теңгерімде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.

20. Әділет департаментінің мүлкі республикалық меншікке жатады.

21. Әділет департаментінің өзіне бекітіліп берілген мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілімен билік етуге құқығы жоқ.

Әділет департаментіне заңда белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке иелік ету құқығы берілуі мүмкін.

5. Әділет департаментін қайта ұйымдастыру және тарату

22. Әділет департаментін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.